MTV
| MTV | |
|---|---|
| MTV телеарнасының логотипі | |
| Құрылған жылы | 1 тамыз 1981 |
| Алдыңғы арналары | Sight on Sound (1977—1981) Music Television (1981—2010) |
| Иесі | Paramount Media Networks |
| Бейне форматы | 16:9 1080i (HDTV) 16:9 480i (SDTV) |
| Ұраны | «Lady and gentlemen, rock and roll» «You’ll never look at music the same way again» |
| Мемлекеті | |
| Тілі | ағылшын |
| Таратылу аймағы | |
| Штаб пәтері | Нью-Йорк: 1515 Broadway |
| Туыс арна(лар)ы | MTV2, MTV Classic, Comedy Central, VH1, Paramount Network, BET, Showtime Networks, Nickelodeon, NickMusic, Nicktoons, TeenNick |
| Веб-сайты | mtv.com |
MTV («Эм-ти-ви», бастапқыда — Music Television сөзінің әріптік аббревиатурасы) — Paramount Skydance Corporation компаниясының Paramount Media Networks бөлімшесіне тиесілі америкалық кабельдік және спутниктік телеарна.[1] Ол алғаш рет 1981 жылы 1 тамызда эфирге шықты. Арнаның штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан.
Бастапқыда MTV музыкалық бейнебаяндарды таратты, ал эфир жүргізушілері «виджейлер» (VJ) ретінде белгілі болды. Алғашқы жылдары MTV-дің негізгі мақсатты аудиториясы көбіне жастар болса, бүгінде бұл ең алдымен жасөспірімдер, әсіресе мектеп оқушылары мен студенттер. Соңғы жылдары MTV музыкалық бағдарламалар мен клиптерді көрсету көлемін айтарлықтай қысқартты. Қазіргі уақытта оның хабар тарату торы негізінен өзекті мәселелерді арқау еткен бағдарламалардан, комедиялық және драмалық телеқойылымдардан, сондай-ақ прайм-таймнан тыс уақытта жазбаша түрде көрсетілетін, музыкалық құрамдас бөлігі аз кейбір бағдарламалар мен фильмдерден тұрады. Хабар тарату тұжырымдамасындағы мұндай бетбұрыс үшін арнаны мақсатты аудиториясы да, музыканттар да жиі сынға алды. MTV-нің өз аудиториясына тигізген әсері, соның ішінде цензура мен әлеуметтік белсенділікке қатысты мәселелер де бірнеше жыл бойы талқыланып келеді.
1987 жылы 1 тамызда «MTV Europe» еуропалық филиалы Лондоннан хабар тарата бастады. Оның ашылуы «Money for Nothing» бейнебаянымен басталды, ал кейінгі жылдары бұл филиал Еуропа елдерінде көптеген ұлттық MTV арналарын құруға лицензия берді.
Соңғы жылдары MTV музыкаға негізделген кабельдік медианың құлдырауымен белсенді күресті. Жас көрермендердің цифрлық медиаға жаппай ауысуына байланысты арна рейтингтері жүйелі түрде төмендеп, жылдық көрсеткіштері 29%-ға дейін құлдыраған деп есептелді. Осылайша, MTV-нің жас аудитория үшін ұзақ мерзімді маңыздылығына күмән туды. 2016 жылдың сәуірінде MTV басшылығы жақын арада арнаның классикалық «MTV Unplugged» топтамасын қайта іске қосу арқылы өзінің бастапқы музыкалық тамырына орала бастайтынын жариялады. Тоғыз жылдық үзілістен кейін, 2017 жылдың қазан айында TRL бағдарламасының көрсетілімі қайта жанданды.
2015 жылдың шілдесіндегі жағдай бойынша MTV арнасы АҚШ-тағы шамамен 92 миллион үй шаруашылығына (теледидары бар үй шаруашылықтарының 79,2%-ы) қолжетімді болды.
MTV АҚШ-та көптеген туыстас телеарналардың, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі желілес арналардың ашылуына негіз болды, олардың кейбіреулері уақыт өте келе дербес арналарға айналды.
Тарихы
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]1977—1981: Іске қосылғанға дейін
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]1977 жылы Warner Communications компаниясының Warner Cable Communications бөлімшесі Колумбус қаласында (Огайо штаты) QUBE деп аталатын алғашқы екіжақты интерактивті кабельдік теледидар жүйесін іске қосты. QUBE жүйесі көптеген арнайы арналарды ұсынды. Осындай мамандандырылған арналардың бірі концерттік жазбалар мен музыкалық телебағдарламаларды таратқан «Sight on Sound» музыкалық арнасы болды. QUBE интерактивті қызметінің көмегімен көрермендер өздерінің сүйікті әндері мен орындаушыларына дауыс бере алатын. MTV іске қосылғанға дейін сыналған жалғыз Warner Cable Communications арнасы емес еді: Nickelodeon еншілес арнасы да алғаш рет «Channel C-3» ретінде сынақтан өткізілді.
MTV-дің алғашқы хабар тарату форматын оның жетекшісі Роберт В. Питтман жасап шығарды, ол кейіннен MTV Networks компаниясының президенті және бас директоры қызметін атқарды.[2]
1979 жылы American Express компаниясы Warner-Amex Satellite Entertainment бірлескен кәсіпорнын құру үшін Warner-Amex Satellite Entertainment[ құрамына қосылды.
1981—1991
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]MTV эфиріндегі алғашқы бейне — АҚШ туының орнына компания логотипі қойылған «Аполлон-11» ғарыш миссиясы таспасының бейнемонтажы.
1981 жылы 1 тамызда шығыс уақыты бойынша сағат 12:01-де MTV арнасы өз хабар таратуын бастады.[3][4] Арнада көрсетілген ең алғашқы музыкалық бейнебаян The Buggles тобының «Video Killed the Radio Star» туындысы болды,[5] одан кейін бірден Пэт Бенатардың «You Better Run» әніне түсірілген бейнебаян эфирге шықты.[6]
Басшы ретінде Роберт В. Питтман арна жұмысына бірлескен құрылтайшылар тобын тартты, олардың қатарында Том Фрестон (кейіннен Питтманның орнына MTV Networks компаниясының бас директоры болды), Фред Зайберт және Джон Сайкс болды.[7] Оларға Кэролайн Бейкер (таланттармен жұмыс және сатып алу бөлімінің алғашқы жетекшісі),[8] Маршалл Коэн (зерттеу бөлімінің алғашқы жетекшісі),[9] Гейл Спарроу (таланттармен жұмыс және сатып алу бөлімінің жетекшісі),[10] Сью Стейнберг (атқарушы продюсер), Джулиан Голдберг, Стив Лоуренс, Джефф Болтон (студия продюсерлері және MTV News сценаристері/қауымдастырылған продюсерлері), сондай-ақ «MTV» атауын ойлап тапқан және алғашқы бағдарламалық директор болған Стив Кейси қосылды.[11] Кеннет М. Миллер арнаның тұңғыш техникалық директоры қызметін атқарды.[12]
Екі айдың ішінде MTV қолжетімді аймақтардағы музыкалық дүкендерде жергілікті радиостанциялар мүлдем таратпайтын музыкалық туындылар сатыла бастады, олардың қатарында Men at Work, Bow Wow Wow және The Human League топтарының шығармалары болды.[13]
MTV 12 мен 34 жас аралығындағы көрермендерді өздерінің негізгі мақсатты аудиториясы ретінде қарастырды. Алайда, арнаның өз ішінде жүргізілген зерттеу мәліметтеріне сәйкес, аудиторияның 50%-дан астамы 12 мен 24 жас аралығындағы жастар болған. Сонымен қатар, дәл осы топ сол кезеңде MTV арнасын күніне орта есеппен 30 минуттан 2 сағатқа дейін тамашалаған.[14]
MTV-дің бастапқы мақсаты — эфирге музыкалық бейнебаян тарату және оларды «виджейлер» (VJ) ретінде танымал болған тележүргізушілердің қатысуымен толықтырып отыру болды. MTV-дің ең алғашқы форматы AOR радиосының үлгісінде жасалды. Уақыт өте келе көптеген виджейлер өз бетінше танымал тұлғаларға айналды. 1981 жылы MTV-дің алғашқы бес виджейі Нина Блэквуд, Марк Гудман, Алан Хантер, Джей Джей Джексон және Марта Куинн болды. Бастапқыда Нью-Йорктің танымал диджейі Мэг Гриффин де виджей болуды жоспарлаған, алайда арнаның қаншалықты табысты болатынына күмән келтіріп, соңғы сәтте бұл ойынан бас тартқан.[15]
1980-жылдары MTV ротациясында болған рок-топтар мен орындаушылардың бағыты жаңа толқыннан бастап, хард-рок немесе хэви-метал ұжымдарына дейін түрленді.[16] Олардың қатарында Адам Ант, Брайан Адамс, Blondie, Eurythmics,[17] Tom Petty and the Heartbreakers, Culture Club,[18] Mötley Crüe, Split Enz, Принс, Ultravox, Duran Duran,[19] Van Halen,[20] Bon Jovi, Ratt,[21] Def Leppard,[22] Metallica және Guns N’ Roses сияқты есімдер болды.
Сондай-ақ MTV эфирінде 1980 жылдардағы және одан бұрынғы онжылдықтардағы классикалық рок орындаушыларының, соның ішінде Дэвид Боуи, Dire Straits, Journey, Rush, Rolling Stones және т.б. шығармалары жиі берілді.
Арнаның алғашқы кезеңінде MTV-де кейде басқа жұлдыздарға арнаны қонақ виджейлері ретінде бір сағат бойы басқаруға рұқсат берілетін. Бұл қонақтардың арасында Адам Ант, Билли Айдол, Фил Коллинз, Саймон Ле Бон сияқты музыканттар және Эдди Мерфи, Мартин Шорт сияқты комедия актерлері болды.
1984 жылы қаржылық қиындықтардан кейін Warner Communications компаниясы үш телеарнаны — MTV, Nickelodeon және VH1-ді ортақ бір медиакомпанияға, яғни MTV Networks-ке біріктірді, бұған қоса American Express Warner-Amex Satellite Entertainment-тегі өз үлесін Warner-ге сатты және ол қайтадан Warner Cable деп өзгертілді (дегенмен, Warner және American Express 1985 жылы сатылғанға дейін MTV Networks иелері болым қала берді). Сол жылы дыбыс жазатын компаниялар мен әртістер MTV-дің танымалдылығын сезініп, бұрынғыға қарағанда өз музыкаларына жиірек бейнеклиптер түсіре бастады. Бейнеклиптердің көптеп келуіне байланысты MTV өзінің ойнату тізімдеріндегі өзгерістерді Billboard журналының шығарылымында жариялады.[23] Сол жылы арна жыл сайынғы MTV Video Music Awards рәсімін өткізуді бастады.[24]
1985 жылы Viacom компаниясы Warner Communications пен American Express-тен MTV, Nickelodeon және VH1 тиесілі болған MTV Networks бөлімшесін сатып алды, кейіннен ол 2011 жылы Viacom Media Networks болып өзгертілді. 1987 жылға дейін MTV негізінен тек музыкалық бейнебаяндарды ғана көрсетті, бірақ уақыт өте келе оның эфирлік шеңбері кеңейіп, арна әртүрлі телешоуларды жаппай эфирге шығара бастады.[25]
MTV-дегі музыкалық емес бағдарламалар 1980 жылдардың соңында пайда бола бастады. Олардың алғашқысы «The Week in Rock» музыкалық жаңалықтар шоуы болды, ол сонымен қатар «MTV News» жаңалықтар бөлімінің ашылуына негіз қалады. Шамамен осы уақытта MTV «House of Style» сән жаңалықтары жобасын, «Club MTV» би шоуын және «Remote Control» ойын шоуын көрерменге ұсынды.
1992 жылы MTV Video Music Awards рәсімінің табысынан кейін, музыкадан фильмдер мен кеңірек поп-мәдениет бағытына ойысуды көздеген MTV қазіргі уақытта да беріліп жүрген «MTV Movie & TV Awards» сыйлығын тағайындау туралы шешім қабылдады. 1994 жылы MTV Еуропа елдері үшін де өз марапаттау рәсімін ұйымдастырды, ол MTV Europe Music Awards деп аталды.
1991—1997
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]1991 жылы Nirvana тобы «Smells Like Teen Spirit» әніне бейнебаян шығарып, бұл туынды MTV эфирінде альтернативті рок пен гранж жанрларының жедел өрлеуіне түрткі болды.
1990 жылдардың басы мен ортасында MTV өзінің ротациясына поп-музыка элементтері аз, шынайырақ дыбысталатын Тупак Шакур, The Notorious B.I.G., Wu-Tang Clan, Айс Кьюб, Warren G, Ice-T, Доктор Дре, Нас және Snoop Dogg сияқты гангста-рэп орындаушыларын қосты.
1997 жылға қарай MTV электроника бағытын мейнстримге енгізуге баса назар аударып, Prodigy, Chemical Brothers, Моби және т.б. жобаларды өзінің музыкалық ротациясына қоса бастады.
Осы кезеңде арнада келесі бағдарламалардың тұсаукесерлері өтті: Бивис пен Баттхед, Æon Flux, The Brothers Grunt және т.б.
1997—2008
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]1997 жылдың аяғынан бастап MTV рок-музыка өкілдерінің бейнебаяндарын көрсетуді біртіндеп қысқартты, бұл скептиктер арасында «Рок өлді» деген ұранның пайда болуына әкелді.[26] Сол кезеңде рок-музыка жанкүйерлерінің материалдық құндылықтарға аса мән бермеуі және теледидар ұсыныстарына сүйеніп музыканы аз сатып алуы MTV-дің бір кездері өз өзегі болған музыкалық бағыттан бас тартуының басты себептері ретінде аталды. Оның орнына MTV өзінің музыкалық эфир уақытын негежінде поп және хип-хоп/R&B музыкасына арнай бастады. Барлық рок-шоулар эфирден алынып тасталды, ал Video Music Awards рәсіміндегі рокқа қатысты санаттар тек біреуге до дейін қысқартылды.
Жаңа мыңжылдықтың қарсаңында, 1997-2001 жылдар аралығында MTV арнасында комедиялық драма және күнделікті өмір жанрындағы «Дарья» мультхикаясы жарық көрді; оның алғашқы маусымы Ресейде ресми түрде көрсетілмеді.
1997 жылдан 2004 жылға дейін MTV мезгіл-мезгіл арна эфиріне поп-рок бағытындағы бейнебаяндарды қайта шығаруға талпыныс жасап отырды. Blink-182 поп-панк тобы сол уақытта көбіне өздерінің «All the Small Things» бейнебаянының арқасында MTV эфирінен тұрақты түрде көрсетіліп тұрды.
1998-1999 жылдар аралығында MTV-дің музыкалық мазмұны негізінен Backstreet Boys және NSYNC сияқты бой-бендтердің бейнебаяндарынан тұрды.
2001 жылғы 1 тамызда MTV өзінің 20 жылдық мерейтойын «MTV20: Buggles to Bizkit» деп аталатын 12 сағаттық ретроспективадан бастап атап өтті. Онда ескі MTV студияларының репродукцияларында әртүрлі виджейлер жүргізген, хронологиялық тәртіппен қойылған 100-ден астам классикалық бейнебаян ұсынылды.
Бес жылдан кейін, 2006 жылғы 1 тамызда MTV өзінің 25 жылдығын атап өтті. MTV.com веб-сайтында келушілер MTV хабар таратуының алғашқы сағатын тамашалай алды, соның ішінде Mountain Dew, Atari, Chewels gum және Jovan өнімдерінің түпнұсқалық промо және жарнамалық роликтері көрсетілді.
2005 және 2006 жылдары MTV арнасы 8th & Ocean, Лагуна Бич, Next, The Hills, Two-A-Days, My Super Sweet 16, Parental Control және Бэм Марджераның қатысуымен өткен Viva la Bam жобаларын жарыққа шығару арқылы реалити-шоуларға баса назар аударуды жалғастырды.
2007 жылы MTV «A Shot at Love with Tila Tequila» реалити-шоуын эфирге шығарды, онда Тила Текиланың өзіне серік іздеудегі сенсациялық саяхаты туралы баяндалды. Оның бисексуалдығы шоу тұжырымдамасында үлкен рөл атқарды: өзара махаббат үшін ерлер де, әйелдер де бақ сынасты.[27][28]
2008 — қазіргі уақыт
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]2009 жылы MTV Paramore тобы мен Адельдің қатысуымен ескі «MTV Unplugged» бағдарламасын қайта жандандырды.[29]
2010 жылдың мамырында MTV жүргізуші Ленэй Даннмен бірге «10 on TOP» жобасын іске қосты. Ол поп-мәдениет саласындағы жастардың кумирлеріне қатысты ең танымал 10 оқиғаны саралап,[30] аптаның өзекті тақырыптарын талқылайтын.[31]
2011 жылы MTV Networks компаниясы Viacom Media Networks болып өзгертілді. 2011 жылдың қазан айында «Бивис пен Баттхед» мультсериалы жаңа эпизодтармен MTV эфиріне оралды. Сондай-ақ «Jersey Shore» сияқты жаңа реалити-шоулар жарық көрді.[32]
2012 жылдың 12 сәуірінде MTV хип-хоп музыкасына негізделген «Hip Hop POV» атты жаңа ток-шоуын бастады, оны Аманда Силес, Бу Тиам, Шарламань, Деви Дев және Соумья Кришнамурти жүргізді. Кейіннен шоу MTV2 арнасына ауыстырылып, атауы өзгертілді. 2012 жылдың 28 қазанында «The Week in Jams» деп аталатын жаңа шоудың тұсауы кесілді.
2016 жылдың сәуірінде сол кездегі MTV президенті Шон Аткинс арнадағы музыкалық бағдарламалар үлесін қалпына келтіру жоспарын жариялады.[33][34] 2016 жылдың 21 сәуірінде MTV жақын арада «MTV Unplugged» жобасының жаңа сериялары эфирге шығатынын хабарлады.[35] 2017 жылдың шілдесінде 2 қазаннан бастап арнаға «Total Request Live» бағдарламасы қайта оралатыны жарияланды. 2019 жылғы жағдай бойынша бұл шоу сенбі күні таңертең эфирге шығып тұрды.[36]
2019 жылы Viacom мен CBS компанияларының қайта бірігуі аясында Viacom Media Networks бөлімшесі ViacomCBS Domestic Media Networks болып өзгертілді.[37][38]
2021 жылдың 13 қыркүйегінде жаһандық ребрендинг өтті: MTV өз логотипі мен безендірілуін өзгертті.
2025 жылдың 31 желтоқсанында MTV компанияның шығындарды азайту жоспарына байланысты бірқатар елдерде тақырыптық музыкалық арналарының хабар таратуын тоқтатты.[39]
Форматы
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]Бастапқыда MTV хабар тарату торы тәулік бойы ротацияланатын және саны қарқынды артып отырған музыкалық бейнебаян жиынтығынан тұрды. Кейіннен «120 Minutes», «Yo! Raps», «Coca-Cola», «Report», «Most Wanted», «Greatest Hits», «The Soul on MTV» және тағы басқа тақырыптық музыкалық бағдарламалар біртіндеп пайда бола бастады; 1993 жылы арнаның жеке өндірісіндегі алғашқы «Бивис пен Баттхед» мультсериалы жарық көрді. 1990-жылдардың аяғында MTV өзінің форматын айтарлықтай өзгертіп, негізгі эфир уақытын әртүрлі шоуларға, сериалдарға, жастардың өзекті мәселелері мен шоу-бизнес туралы бағдарламаларға бөлді. Ал музыкалық контенттің өзі MTV құрамында ашылған VH1, MTV2, MTV Jams, MTV Music және басқа да әртүрлі мамандандырылған телеарналарға ауыстырылды.
Логотипі
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]- 13 қыркүйек 2021 жылдан қазіргі уақытқа дейін
- 2021 жылғы 13 қыркүйектен қазіргі уақытқа дейін (анонстар мен әлеуметтік желілерде қолданылады)
Дереккөздер
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]- ↑ [80music.about.com/od/80sbackgroundcultu2/p/mtvprofile.htm 80Music.about.com]. 80Music.about.com. (1 тамыз 1981). Басты дереккөзінен мұрағатталған 21 тамыз 2011. Тексерілді, 7 тамыз 2010.
- ↑ Scotsman.com Living. Басты дереккөзінен мұрағатталған 8 желтоқсан 2007. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ Mariah, Jane's Addiction, TLC Slated For MTV Birthday Bash – TV (ағыл.). MTV.com. Басты дереккөзінен мұрағатталған 3 қараша 2021. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ Need To Know: Sam Smith Drops 'I'm Not The Only One' Video – MTV (ағыл.). MTV.com. Басты дереккөзінен мұрағатталған 16 тамыз 2021. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ MTV launches - Aug 01, 1981 - HISTORY.com. HISTORY.com. Басты дереккөзінен мұрағатталған 18 тамыз 2021. Тексерілді, 19 сәуір 2016.
- ↑ MTV won't say how old it is (but it's 25): A list of Music Television's notable moments (ағыл.), CNN (30 April 2005). Мұрағатталған 11 тамыздың 2006 жылы. Тексерілді 9 ақпанның 2021.
- ↑ The Cable Center May 2, 2019. Басты дереккөзінен мұрағатталған 9 ақпан 2021. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ Inside MTV, p. 97 Transaction Publishers. — ISBN 978-0-88738-864-4 Источник. Басты дереккөзінен мұрағатталған 4 ақпан 2021. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ Inside MTV, p. 43 Transaction Publishers. — ISBN 978-0-88738-864-4 Источник. Басты дереккөзінен мұрағатталған 7 ақпан 2021. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ Schurk, William L Tarnished gold: the record industry revisited, p. 367 Transaction Publishers. — ISBN 978-0-88738-618-3 Источник. Басты дереккөзінен мұрағатталған 4 ақпан 2021. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ Pittman, Robert. Cover Story – The Man Behind the Monster, Los Angeles Times (28 шілде 1991). Мұрағатталған 6 наурыздың 2016 жылы. Тексерілді 9 ақпанның 2021.
- ↑ Pittman, Robert. Cover Story – The Man Behind the Monster, Los Angeles Times (28 шілде 1991). Мұрағатталған 6 наурыздың 2016 жылы. Тексерілді 9 ақпанның 2021.
- ↑ Serge Denisoff R. Inside MTV – Google Books. — ISBN 978-0-88738-864-4 Мұрағат көшірмесі 15 тамыздың 2021 Wayback Machine мұрағатында Источник. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 тамыз 2021. Тексерілді, 13 мамыр 2022.
- ↑ Englis, Basil G. (1991). "Music Television and Its Influences on Consumer Culture, and the Transmission of Consumption Messages". ACR North American Advances NA-18. http://acrwebsite.org/volumes/7147/volumes/v18/NA-18. Retrieved 2021-02-09.
- ↑ Sirius Satellite Radio: Big '80s. Басты дереккөзінен мұрағатталған 9 ақпан 2008. Тексерілді, 27 маусым 2020.
- ↑ Lane 2006, p. 126
- ↑ Erlewine, Stephen Thomas Eurythmics – Biography (ағыл.). AllMusic. Басты дереккөзінен мұрағатталған 20 тамыз 2011. Тексерілді, 19 ақпан 2008.
- ↑ Erlewine, Stephen Thomas Culture Club – Biography (ағыл.). AllMusic. Басты дереккөзінен мұрағатталған 4 қазан 2011. Тексерілді, 19 ақпан 2008.
- ↑ Erlewine, Stephen Thomas Duran Duran – Biography (ағыл.). AllMusic. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 мамыр 2011. Тексерілді, 19 ақпан 2008.
- ↑ Erlewine, Stephen Thomas Van Halen – Biography (ағыл.). AllMusic. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 мамыр 2011. Тексерілді, 19 ақпан 2008.
- ↑ Erlewine, Stephen Thomas Ratt – Biography (ағыл.). AllMusic. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 мамыр 2011. Тексерілді, 19 ақпан 2008.
- ↑ Erlewine, Stephen Thomas Def Leppard – Biography (ағыл.). AllMusic. Басты дереккөзінен мұрағатталған 21 маусым 2012. Тексерілді, 19 ақпан 2008.
- ↑ Seideman, Tony. "Changes in MTV Playlist (expansion to seven categories)". Billboard (November 3, 1984): 42.
- ↑ MTV's Video Music Award Sponsors Push Cross-Platform Integrations. Басты дереккөзінен мұрағатталған 1 тамыз 2013. Тексерілді, 22 маусым 2012.
- ↑ BUSINESS PEOPLE ; A Chief Is Named By MTV Networks. The New York Times. (19 шілде 1985). Басты дереккөзінен мұрағатталған 9 сәуір 2021. Тексерілді, 1 маусым 2014.
- ↑ Salon: Rock is dead and well at the MTV Video Awards. Басты дереккөзінен мұрағатталған 14 қаңтар 2009. Тексерілді, 27 шілде 2008.
- ↑ Donaldson-James, Susan. MTV's Second Shot at Bisexuality, ABC News (5 қаңтар 2008). Мұрағатталған 13 ақпанның 2019 жылы. Тексерілді 9 ақпанның 2021.
- ↑ Brown, Jennifer. Tila Tequila Goes for the Guy, Reality TV Magazine (20 желтоқсан 2007). Тексерілді 9 ақпанның 2021.
- ↑ Unplugged (ағыл.). Mtv.com. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 шілде 2021. Тексерілді, 7 тамыз 2010.
- ↑ 10 on Top (ағыл.). IMDb. Басты дереккөзінен мұрағатталған 16 тамыз 2021. Тексерілді, 21 наурыз 2021.
- ↑ 10 on Top (ағыл.). MTV.com. Басты дереккөзінен мұрағатталған 1 ақпан 2021. Тексерілді, 14 тамыз 2012.
- ↑ Beavis and Butt-head DVD news: Box Art for Beavis and Butt-head – Mike Judge's Most Wanted. TVShowsOnDVD.com. (29 шілде 2011). Басты дереккөзінен мұрағатталған 3 шілде 2014. Тексерілді, 19 мамыр 2014.
- ↑ Steinberg, Brian MTV Chief Vows to Restore Music to Programming (ағыл.). International Business Times. (21 сәуір 2016). Басты дереккөзінен мұрағатталған 28 маусым 2021. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ Koblin, John MTV Mines the Past for Its Future: 'Total Request Live'. The New York Times. (30 шілде 2017). Басты дереккөзінен мұрағатталған 30 шілде 2017. Тексерілді, 31 шілде 2017.
- ↑ Pallotta, Frank. MTV reboots 'MTV Unplugged,' introduces weekly live music series (21 сәуір 2016). Мұрағатталған 16 тамыздың 2021 жылы. Тексерілді 9 ақпанның 2021.
- ↑ Архивированная копия. Басты дереккөзінен мұрағатталған 17 мамыр 2020. Тексерілді, 9 ақпан 2021.
- ↑ ViacomCBS shakes up its content leadership teams following merger (ағыл.). TechCrunch. Басты дереккөзінен мұрағатталған 9 желтоқсан 2019. Тексерілді, 9 желтоқсан 2019.
- ↑ Lafayette, Jon Viacom-CBS Merger Done Creating Larger TV Company(en-us). Broadcasting & Cable. Басты дереккөзінен мұрағатталған 9 сәуір 2020. Тексерілді, 9 желтоқсан 2019.
- ↑ MTV прекратило вещание в Европе (орыс.). РБК. (31 желтоқсан 2025). Басты дереккөзінен мұрағатталған 31 желтоқсан 2025. Тексерілді, 4 қаңтар 2026.
Әдебиет
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]- Blackwood, Nina/Goodman, Mark/Hunter, Alan/Quinn, Martha/Edwards, Gavin VJ: The Unplugged Adventures of MTV’s First Wave (ағыл.) Atria, 2013. — ISBN 1-4516-7812-6
- Denisoff, R. Serge Inside MTV (ағыл.) Transaction, 1888. — ISBN 0-88738-864-7
- McGrath, Tom MTV: The Making of a Revolution (ағыл.) Running Pr, 1996. — ISBN 1-56138-703-7
- MTV MTV Uncensored (ағыл.) MTV, 2001. — ISBN 0-7434-2682-7
- Prato, Greg MTV Ruled the World: The Early Years of Music Video (ағыл.) Createspace, 2011. — ISBN 0-578-07197-5
- Tannenbaum, Rob/Marks, Craig I Want My MTV: The Uncensored Story of the Music Video Revolution (ағыл.) Plume, 2012. — ISBN 0-452-29856-3
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | дереккөзін өңдеу]
| ||||||||||||||||||